Жақтастары журналист Мамайды туған күнімен абақтыда құттықтады

Журналист Жанболат Мамайды қолдаған белсенділер оны туған күнімен құттықтауға абақты алдына жиналып тұр. Алматы, 15 маусым 2017 жыл.

"Қаржыны жылыстату" ісі бойынша тергеу аясында қамауда отырған журналист Жанболат Мамайдың жақтастары оның туған күніе байланысты бейсенбіде Алматы шетіндегі журналист отырған тергеу изоляторына жиналды.

Жиналған ондаған белсенді мен құқық қорғаушылар және Мамайдың әйелә Инга Иманбай ЛА-155/18 (СИ-18) түрмесінің алдында Жанболат Мамайға сәлемдемелері мен құттықтауларын жолдағалы келіп тұр. ИНгамен бірге абақтыға Мамайдың ата-анасы да барды. Жиналғандар "Жанболат, бостандық!" деп ұрандатып тұр. Қамаудағы журналисті құттықтау акциясын әлеуметтік желіде MAMAYparty деп атады.

Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда сот шешімімен екі айға қамалған. Тергеу тарабы "2009 жылдан бері Еуропада жүрген бұрынғы банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов БТА банкінен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін Мамай басқаратын "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деп күдіктенеді. Журналист бұл айыпты мойындамайды. Ал Мұхтар Әблязов бұл айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Сот 31 мамырда Мамайды қамау мерзімін 10 шілдеге дейін ұзартқан.

Жанболат Мамай абақтыда өзін соққыға жыққаны туралы хабарлаған соң оны қорғау комитеті құрылған.