Зейнетақыны біртіндеп көтеру туралы заң қабылданды

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев зейнетақыны біртіндеп өсіруді қарастыратын заңға қол қойды. Құжат бойынша, жаңа туған баланың жөргекпұлы да біртіндеп көбеймек.

Заңға сәйкес, биыл 1 шілдеден бастап зейнетақы көлемі 11-13 пайызға көтеріледі. "Ең аз зейнетақы 40 мың 950 теңге [шамамен 125 доллар] болады. Бұл - барлық зейнеткерлерге қатысты" деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Билік өткен жылы зейнетақыны көтеру жоспарын жариялаған. Заң бойынша, әрбір жұмысшы табысының 10 пайызын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударып отырады.

Ресми мәлімет бойынша, елде екі миллионнан астам зейнеткер бар. Зейнетақы мен өтемақыны көтеруге 81,6 миллиард теңге қарастырылған.