ИМ содырлары Мосулдағы ежелгі мешітті қиратты

Мосулдағы әл-Нури мешіті мен оның қисайған мұнарасының қиратылмай тұрған кездегі көрінісі, Ирак.

Ирак билігінің хабарлауынша, "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының содырлары Мосулдағы ежелгі әл-Нури мешіті мен оның әйгілі жантайған мұнарасын жарып жіберді. Мешіт 1172 жылы салынған. Оның мұнарасын Италиядағы Пизан мұнарасы сияқты бір жағына қисайып тұрғандықтан "әл-Хадба" немесе "бүкір" деп атаған.

ИМ содырлары Мосулды 2014 жылы маусымда басып алған. Олар мұнараны бұған дейін-ақ қиратпақ болған еді. Бірақ ол кезде жергілікті тұрғындар мұнара айналасын қоршап, құртуға жол бермеген. ИМ жетекшісі Абу Бакр әл-Бағдади 2014 жылы шілдеде жұма намазы кезінде өздері басып алынған аймақтарда "ислам халифаты" құрылғанын жариялаған. Қазір Ирак үкіметінің әскері Мосулдың батыс бөлігін азат ету операцияларын жалғастырып жатыр.