Иранда "терроризмге қатысы бар" күдігімен 50-ден астам адам ұсталды

Иранның Керманшах провинциясы (Көрнекі сурет).

Иранның батысындағы Керманшах провинциясында "террорлық ұйымдарға қатысы бар" деген күдікпен кем дегенде 50 адам ұсталды деп хабарлады жергілікті прокуратура өкілі. 7 маусымда Тегеранда Иран парламенті мен аятолла Хомейнидің кесенесіне шабуыл жасалған. Шабуыл жауапкершілігін экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымы мойнына алған.

"Тегерандағы террорлық шабуылдан бері Керманшах провинциясында террорлық топтармен байланысты 50-ден астам адам ұсталды" деп хабарлады провинция прокуроры Немат Садекиге сілтеме жасаған IRNA агенттігі.

24 маусымда Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Иран барлау министрлігінің мәлімдемесін жариялаған. Онда күш құрылымдары ИМ тобымен байланысты делінген, билік "Иранның қасиетті қалаларында терактілер жасауды жоспарлаған" дейтін күдіктілерді ұстағанын хабарлаған.