Вашингтон мен Лондон Ресейді Немцовтың ісін толық тергеуге шақырды

Борис Немцовтың қазасына қатысты айып тағылғандар сот залында. Мәскеу, 27 маусым 2017 жыл.

АҚШ пен Ұлыбритания Ресейді оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың қазасына кінәлілердің барлығын жазалауға шақырды. Мемлекеттік департаменттің мәлімдемесінде АҚШ Ресей үкіметін демократиялық белсенді әрі құқыққорғаушы Борис Немцовты өлтіруге қатысы барлардың барлығын, қылмысты жасауға тапсырыс бергендер мен ұйымдастырушылармен бірге жауапқа тартуға тағы да шақыратыны айтылған.

Немцовтың туыстары мен достары саясаткерді өлтіру қылмысына қатысты айыпталған бес адамға маусымның 30-ы күні шығарылған үкімді сынға алды. Осыған байланысты Ұлыбритания сыртқы істер министрлігі «қылмысты ұйымдастырушыларды анықтау үшін толық көлемді тергеу жүргізу туралы Немцовтың отбасының талабын қолдайтынын» мәлімдеген.

Бейсенбі күні Мәскеу округтік әскери соттың алқабилер соты Борис Немцовтың өліміне бес адамды кінәлі деп тану туралы ұйғарымын жария еткен. Олар - Шешенстан ішкі істер министрлігі "Север" батальонының бұрынғы сарбаздары Заур Дадаев, Анзор және Шадид Губашевтер, Тамерлан Эскерханов және Хамзат Бахаев. Алқабилер бұлардың бәрі бір топта әрекет еткен және оларға кешірім жоқ деген тұжырым жасаған.

Ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцовты 2015 жылы 27 ақпанда Мәскеуде атып өлтіріп кеткен.