Грузияда НАТО елдері әскерилерінің қатысуымен жаттығу өтеді

Грузияның Вазиани әскери базасына жеткізілген НАТО әскери техникасы. (Көрнекі сурет.)

Тбилиси маңындағы бұрынғы ресейлік Вазиани әскери базасында шілденің 30-ы күні "Noble Partner" ("Лайықты әріптес") атты ірі жаттығу басталмақ. Оған НАТО-ға мүше бес елмен бірге Солтүстікатлантикалық альянспен серіктес үш мемлекет те қатыспақшы. Жаттығуларға 2800 әскери қызметкер және ондаған әскери техника қатысады деп жоспарланған.

Вазиани әскери базасындағы жаттығулар тамыздың 12-іне дейін жалғасады. Оған АҚШ, Ұлыбритания, Словения, Германия мен Түркияның, олармен бірге, НАТО ұйымына серіктес үш ел – Грузия, Украина және Арменияның әскери бөлімшелері қатысады.

Әскери жаттығуларға америкалық M1A2 “Abrams“ танкілері, әскери-транспорттық авиация, сонымен бірге америкалық және германиялық бронетранспортерлердің жетілдірілген түрлері қатыстырылады.

Грузия қорғаныс министрі Леван Изорияның мәлімдеуінше, жаттығу мақсаты – грузин армиясының Солтүстікатлантикалық альянс елдері әскерімен "үйлесімділігін нығайтуды" және грузин әскери бөлімшелерін машықтандыруды көздейді.