Испаниядағы шабуылдарға үшінші күдікті ұсталды

Камбрильс қаласында жасалған шабуылға қатысы бар көліктің жанында тұрған полицей. Испания, 18 тамыз 2017 жыл.

Каталония полициясы Барселона мен Камбрильстегі террорлық актілерге қатысы бар деген үшінші күдіктіні ұстады. Күдіктінің аты-жөні әзірге жарияланған жоқ. Күдіктіні ұстау операциясы Риполь қаласында жүргізілген.

17 тамызда Барселонада шағын жүк көлігі туристер көп баратын алаңда көпшілікті соғып өтіп, кем дегенде 13 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуылдан 18 мемлекеттің азаматтары зардап шекті.

Шабуылдан соң бірден екі күдікті ұсталған. Олардың бірі Мароккодан, екіншісі Испанияның Солтүстік Африкадағы анклавы Мелильядан шыққан. Көлік жүргізушісі қашып кеткен. Қазір оны іздеп жатыр. Террорлық шабуылдың жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы мойнына алды.

Тағы бір шабуыл 18 тамызға қараған түні Каталонияның портты Камбрильс қаласында жасалған. Бір топ адам жаяу жүргіншілерге шабуылдап, сосын полициямен атысқан. Шабуыл жасаған төрт адам оқиға көзі жойылып. Біреуі жараланып қолға түскенімен, кейін жарақатынан көз жұмған. Шабуылдан жеті адам, оның ішінде бір полицей жараланған.

Каталония полициясы Барселона мен Камбрильстегі шабуылдардың 16 тамызға қараған түні Каталонияның Альканара қаласында тұрғын үйде болған жарылыспен байланысы бар дейді. Жарылыстан бір адам қаза тауып, оннан астам адам жараланған. Болжам бойынша, үйде тұратындар жарылғыш зат дайындаған.

Полиция Испаниядағы шабуылдарға сегіз адамға дейін қатысы бар болуы мүмкін дейді.