Ақтөбе: Шалқарда тікұшақ құлады

Ақтөбе облысының картасы (Көрнекі сурет).

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы  Бегімбет  ауылынан 6-7 шақырым жерге  31 тамыз күні түс шамасында  МИ-8  тікұшағы құлады. 

Бұл туралы Азаттық тілшісіне  Бегімбет ауылдық округінің әкімі Әліби Саттықов хабарлады.

Ауыл әкімнің сөзіне қарағанда, апатқа ұшыраған тікұшақтың бортында  экипаж мүшелерімен қоса есептегенде  төрт адам болған. 

- Бегімбеттегі дәрігерлік амбулаторияда оларға алғашқы көмек көрсетілді. Адамдар аман, - дейді Әліби Саттықов. 

Ауыл әкімі тікұшақтың Шалқар ауданындағы тағы бір елді-мекен Бозойдан ұшып шыққанын ғана біледі. Көп ұзамай Бегімбетке ұшып жеткен тағы бір тікұшақ  МИ-8 бортында болған төрт адамды облыс орталығына алып кеткен.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әсет Қалиев облыс орталығындағы медицина мекемелеріне тікұшақ апатынан зардап шегушілердің жеткізілмегенін айтты.