СІМ: Астанадағы жанжалды тергеуге Үндістанның көңілі толады

Астанадағы "Абу Даби Плаза" кешені құрылысы. 3 қыркүйек 2017 жыл.

Үндістан билігі Астанадағы "Абу-Даби плаза" кешені құрылысында жұмыс істейтін үнді азаматтары қатысқан төбелесті Қазақстан тарапының тергеу барысына көңілі толады деп мәлімдеді Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.

Азаттық тілшісінің парламенттен хабарлауынша, министр парламент палаталарының жиыны басталар алдында журналистерге "Абу-Даби плаза" кешеніндегі оқиғаға қатысты Үндістан тарабы "тергеу барысына ешқандай наразылық білдірмегенін және көңілі толатынын" айтты.

Tengrinews сайтының хабарлауынша, бүгін парламентте бас прокурор Жақып Асанов оқиғаға қатысты "тұрмыстық деңгейдегі жанжал" фактісі бойынша және "жалған ақпарат тарату" фактісі бойынша екі іс қозғалғанын айтты.

Астанада үкімет ғимараттары орналасқан жерге жақын маңда жаңадан салынып жатқан "Абу Даби Плаза" кешені аумағында сенбінің кешінде нысан күзетшісі мен шетелдік азамат арасындағы жанжалдан туындаған қақтығысқа 30 шақты адам - Үндістан азаматтары мен жергілікті тұрғындар қатысқаны туралы бұған дейін Қазақстан ішкі істер министрлігі хабарлаған.

Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, төбелес болған жерден полиция бөліміне апарылған 41 азаматтың сегізіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, ұсталған өзге адамдар босатылған.