Бангладеш президенті Мьянма мұсылмандарына көмектесуге шақырды

Мьянмадан Бангладешке келіп жатқан рохинджа мұсылмандары. 5 қыркүйек 2017 жыл.

Мьянма мұсылмандарына туған еліне оралуы үшін оларға өмірлерінің қауіпсіздігіне кепілдік берілуі керек. Бұл туралы бүгін Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінде Бангладеш президенті Абдул Хамид мәлімдеді деп хабарлайды Қазақпарат.

Ол халықаралық қауымдастықтан Бангладешке жаппай келіп жатқан Мьянмадағы рохинджа мұсылмандарына қолдау жасауға көмек сұраған.

"Барша әлем қауымдастығын, әсіресе, Ислам ынтымақтастығы ұйымын көмек беруге үндеймін. Олардың проблемасын шешу керек. Мұсылмандардың осы тобы туған жерлеріне оралуы тиіс. Олардың заңды құқықтарына, соның ішінде қауіпсіздігі мен тұрақты өміріне кепілдік берілуі шарт", - деген Абдул Хамид.

Бүгін Астанадағы саммитте сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия президенті Режеп Ердоған Мьянмадағы зорлық-зомбылықты тоқтатып, шиеленісті бейбіт жолмен шешуге шақырған.

Мьянмада зорлық-зомбылық өршігеннен кейін ол елден мыңдаған рохинджа мұсылмандары бассауғалап көрші Бангладешке қашып барған еді. БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне Мьянмадағы зорлық-зомбылықты тоқтату шараларын жасауды ұсынған.

Жексенбі күні Астанада басталған Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым мен технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне осы ұйымға мүше елдерден, халықаралық және аймақтық ұйымдардан 80-ге жуық делегация қатысып отыр.