Ташкенттік адвокаттар жазушы Отахановты қорғаудан бас тартты

Нурулло Отаханов, өзбек жазушысы.

Өзбекстандық бірнеше адвокат Ташкент әуежайында ұсталған жазушы Нурулло Отахановтың құқығын сотта қорғаудан бас тартты. Қазір ол абақтыда отыр. Өзбекстанның жазушылар одағы Отахановты ұйымнан шығарып тастады. Жазушыға қатысты "Өзбекстанның конституциялық құрылымына қауіп төндіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жазушының жұбайы Гүлнара Отаханованың хабарлауынша, адвокаттар бұл іспен айналысуға сескеніп отыр. "Екі-үш адвокат бұл істі алғаны үшін биліктен жаза алуы мүмкін екендігін айтты" дейді Отаханова.

Оның айтуынша, Ташкент қаласы Яшнабад аудандық ішкі істер басқармасының тергеушісі Музаффар Каримов жазушының Түркияда басып шығарған "Бу кунлар ("Осы күндер") кітабы мен компьютерін алып қойған.

"Дін істері жөніндегі комитет сарапшыларының қорытындысында "Бу кунлар" кітабы экстремистік идеяны насихаттаушы әбедиет деп танылғаны айтылады. Заңгерлер тәуелсіз сараптама қорытындысы қажет екендігін айтты" деді Отаханова.

Мәліметтерге қарағанда, өзбек жазушысына қатысты қылмыстық іс биыл 11 наурызда қозғалып, оған іздеу жарияланған.

63 жастағы жазушы Нурулло Отаханов екі жыл Түркияда тұруға мәжбүр болып, 26 қыркүйекте Стамбулдан өз еркімен Ташкентке ұшып келген бойда әуежайда ұсталған.

Жазушы кітабында Өзбекстанның тәуелсіздік жылдарындағы дамуын, елдің алғашқы президенті Ислам Каримов құрған авторитарлық режимді сынаған.