Тәжікстанның белгілі ғалымы Бобоеров елінен кетіп қалды

Хафиз Бобоеров, белгілі тәжік ғалымы, философ.

Белгілі тәжік философы, Тәжікстан ғылым академиясы жанындағы қазіргі заманғы процестерді зерттеу және болжау орталығының бұрынғы жетекшісі Хафиз Бобоеров Германияға кетіп қалды. Бұл туралы ғалым Facebook-иегі парақшасында хабарлады. 43 жастағы Бобоеров Азаттықтың Тәжік редакциясына Германияда екенін растады, бірақ елінен не себепті кетіп қалғанын айтудан бас тартты.

Хафиз Бобоеров 2011 жылы Бонн университетінің философия факультетінде докторлық диссертациясын қорғаған. "Сол кезде менің Германияда қалып қоюға мүмкіндігім болған еді, бірақ өз еліме қызмет етуді жөн көргем. Алты жылдан соң Германияға қайта оралдым, әрине, басқа жағдайда" деп жазды ол.

Хафиз Бобоеров - пікірлері билікке де, оппозицияға да ұнай бермейтін аз ғана ғалымдардың бірі.

2015 жылы ол Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға "бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы" ретінде "ұлт көшбасшысы" атағын беруге ашық қарсы шыққан. Бұл атақ мемлекет басшысы мен оның отбасы мүшелерін қылмыстық қудалаудан өмір бойы қорғайды. Хафиз Бобоеров сол кезде мақаласында "көсемдер демократиялық қоғамда емес, әдетте тайпалық, монархиялық және теократиялық режимдерде болатынын" жазған. Мақаласы жарияланған соң ғалым қазіргі заманғы процестерді зерттеу және болжау орталығының жетекшісі қызметінен айырылған.

Соңғы екі жылда Тәжікстаннан кетіп жатқан азаматтар саны артқан. Сарапшылардың пікірінше, "ақылдылардың елден жылыстауының" кері әсері бар, себебі мемлекет жоғары білікті мамандар мен талантты адамдардан айырылуы мүмкін. Биыл мамырда 20 тәжік журналисінің түрлі себеп бойынша, оның ішінде биліктің қысымынан Тәжікстаннан кетіп қалғаны белгілі болған.