Алматыда депутаттыққа кандидатпен кездесуде жұрт билікті сынады

Қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Вячеслав Банщиковпен кездесуге жиналған "Орбита-1" шағын ауданы тұрғындары. Алматы, 21 қазан 2017 жыл.

Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына 16-сайлау округынан кандидат Вячеслав Банщиковтың бүгін Бостандық ауданы "Орбита-1" шағын ауданында өткен сайлаушылармен кездесуі кезінде тұрғындар қала билігін сынға алды. Кей тұрғындар көрші аулаларды қоқыс жинайтын орындардан арылтқан тұста, олар тұрып жатқан аудан қоқыс жинайтын аралық бекетке айналғанына шағым айтты. Енді біреулері өздері тұратын ауланы абаттандыруға қала билігі жеткілікті көңіл бөлмей отыр деп шағымданды.

Кездесуге қатысушылар депутаттыққа кандидатқа әртүрлі мазмұндағы, соның ішінде өздері тұратын ауладан қоқыс жинайтын жәшіктерді алып тастау, сонымен бірге ауланы абаттандыру туралы өтініш айтты. Тұрғындарға жауабында Вячеслав Банщиков бағдарламасында өз сайлау округі орналасқан аумақтың инфрақұрылымын жақсарту, аулаларды абаттандырып, балаларға арнап ойын алаңдарын салу қарастырылғаны туралы мәлімдеді. Алматының 16-сайлау округінен бұған дейін сайланған депутаттың (Қанат Төсекбаев) аты-жөнін сұраған Азаттық тілшісіне сайлаушылардың ешқайсысы жауап бере алмады.

Алматы мәслихатына депутат сайлау 29 қазанға жсопарланған. Биыл көктемде босаған орындарға жаңа депутаттар сайланғандықтан бұл жолы сайлау округтерінің кейбірінде ғана сайлау өтеді.

Алматының 16-сайлау округінен бұған дейін сайланған депутаттың (Қанат Төсекбаев) аты-жөнін сұраған Азаттық тілшісіне сайлаушылардың ешқайсысы жауап бере алмады.