Оралда тұрғын үй комиссиясы шешіміне қарсы мұғалімді полиция ұстады

Жаңақала кентінің тұрғыны Руслан Оразәлиев тұрғын үй комиссиясының шешіміне наразылық танытып тұр. Орал, 15 қараша 2017 жыл.

Оралда сәрсенбіде аудандық тұрғын үй комиссиясының шешіміне қарсы рұқсат берілмеген наразылық акциясын өткізген Батыс Қазақстан облысының Жаңақала кентінде тұратын музыка пәнінің 33 жастағы мұғалімі Руслан Оразәлиев ұсталды. Оразалиев пен ауыл мектебінде мұғалім болып істейтін оның әйелі таяуда аудандық тұрғын үй комиссиясының шешіміне шағымданған сотта жеңіліп қалған. Ерлі-зайыпты мұғалімдер өздерінен кейін кезекке тұрған бюджет саласының қызметкерлеріне үй берген жергілікті тұрғын үй комиссиясының шешімін жоюды талап етіп, сотқа шағымданған. Сот талап мерзімі өтіп кетті, оны орындаудан бас тартқан.

Сот шешімінен соң Руслан Оразалиев наразылық акциясын өткізуге рұқсат сұрап, әкімдікке өтініш берген. Бірақ әкімдік оған рұқсат бермеген.

- Жаңақалада үйлер кезексіз беріледі. Мен бармаған жер қалмады. Облыс әкімінде де болдық, сотқа да жүгіндік. Сотта біздің уәждеріміз дәлелденді, бірақ сот шағымды талап мерзімі өтіп кетті деп қараудан бас тартты. Мен бұған келіспеймін. Тұратын жеріміз жоқ. Әйелім екеуміз мұғалімбіз. Кезекте 54-ші болып тұрғанбыз, бірақ үйді кезекте 104 және 114-ші болып тұрғандар алды. Сол себепті біздің кезегіміз жылжымайды. Барар жерім жоқ болғандықтан осы жерге келдім. Прокурордың тексеруін нәтижесін күткендіктен сотқа кешігіп шағымдандым. Ресми жауапты күттім, - деді Оразәлиев.

Оралдың орталық алаңындағы Абай ескерткішіне барған Оразәлиев "Жаңақала әкімдігі заңсыз, кезексіз үй береді. Облыс әкімі Көлгіновтен де көмек болмады. Енді Елбасыдан көмек сұраймын!" деген жазуы бар плакатын ашты.

Бірнеше минуттан соң наразы азаматқа қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі барып, акцияға рұқсат берілмегенін айтып, наразылығын тоқтатуын сұрады.

Руслан Оразәлиевті полиция ұстап әкетіп барады. Орал, 15 қараша 2017 жыл.

Бұдан соң Оразәлиевке екі полицей барып, өздерімен бірге жүруді сұрады. Полицейлер мұғалімді көліктеріне отырғызып, Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің Абай бөлімшесіне алып кетті. Қазір Оразәлиев ұялы телефонына жауап бермейді.