Еуропа Одағы Ресейдің "шетел агенті" - БАҚ заңын сынады

Еуропа Одағының туы (Көрнекі сурет).

Еуропа одағы Ресейдегі шетелдік БАҚ-ты «шетелдік агент» ретінде көрсететін заңды сынады. Кеше Ресей президенті Владимир Путин қол қойған бұл заң шетелден қаржыландырылатын БАҚ-ты үкіметтің «шетел агенті» ретінде жариялауына және шектеу шараларын енгізуге мүмкіндік береді.

Еуропалық комиссияның тату көршілік және кеңею келіссөздері бойынша өкілі Майя Косьянчич бүгін осы туралы мәлімдеме жасады.

- Бұл заң Ресейдің адам құқығы саласындағы міндеттеріне қайшы келеді, - дейді ол.

Майя Косьянчич заңды «еркін және тәуелсіз баспасөзге қосымша қатер төндіреді» және «Ресейдегі тәуелсіз баспасөз кеңістігін тарылтуға бағытталған талпыныс» ретінде таниды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Шетелдік БАҚ-тан "агент" көретін заң күшіне енді

Ілгеріде Ресей әділет министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа-корпорациясының жобалары «Свобода» радиосы мен "Настоящее время" телеканалдарына жұмысы шектелуі мүмкін екенін хабарлаған. Мұндай хатты корпорацияның Ресейдегі "Idel.Реалии" және "Сибирь.Реалии" жобалары да алған. Әділет министрлігінің хатында заңға өзгертулер енгізілгеннен кейін қандай шаралар қабылданатыны нақты көрсетілмеген.

Заңға қол қойылғаннан кейін жариялаған мәлімдемесінде АҚШ сыртқа хабар тарату кеңесінің басшысы Джон Лэнсинг Америка медиа-компаниялары Америка заңында бекітілгендей халықаралық аудиторияға, соның ішінде Ресейге де анық, объективті және толық ақпарат беретін өзінің миссиясына адал болып қалатынын жариялаған.

Ал Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Том Кент сенбі күні корпорацияның Ресейдегі жобалары қандай шектеулерге ұшырайтыны туралы нақты ақпарат алмайынша, жаңа заңның тиімділігін бағалау мүмкін емес екенін мәлімдеген.

"Біз өзіміздің орыстілді аудиторияға нақты және объективті ақпарат берудегі журналистік жұмысымызды жалғастыра береміз", - делінген Том Кенттің мәлімдемесінде.