Астана: Сирия келіссөзінің келесі раунды 21-22 желтоқсанда өтеді

Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзі. 31 қазан 2017 жыл.

"Астанадағы Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті раунды 21-22 желтоқсанда өтеді" деп хабарлады Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ). Министрлік баспасөз қызметі алдағы келіссөзде "тұтқындарды босату, құрбан болғандардың мәйіттерін беру және із-түзсіз жоғаландарды іздеу жөніндегі жұмысшы тобын құру тәртібін" бекіту жоспарланып отырғанын айтады.

"Келіссөзге қатысатындар сонымен қатар деэскалация аймақтарының қызметін талқыламақ және Сирияда гуманитарлық бейбіт аймақтарды, оның ішінде ЮНЕСКО нысандарын минадан тазарту жұмыстары туралы бірлескен мәлімдемені бекітпек ниетте" делінген СІМ хабарламасында.

Астанада қазанның соңында өткен келіссөздің жетінші раундында гарант елдер - Сирия президенті Башар Асадты қолдайтын Ресей, Түркия және Иран қақтығысушы тараптардың "сенімді нығайту" шараларын жасау қажеті туралы бірлескен мәлімдеме жасаған.

Сирия үкіметі делегациясының басшысы 31 қазанда өткізген брифингте Түркия әскерінің Сирияның Идлиб провинциясында болуын "басқыншылық актісі" деп атаған.

Сирия бейбіт келіссөзінің кезекті раунды өтетін уақыт Ресей президенті Владимир Путин Сирияның Хмеймим әскери базасына барған күні жарияланып отыр. Путин Сирияда экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымының күйрегенін жариялаған соң Сириядағы Ресей әскерінің біразын шығаруға бұйрық берді. Ресей Сирияда әскери кампаниясын ресми түрде 2015 жылы 30 қыркүйекте бастаған.