Үкімет отырысында Назарбаев Әблязовтің атын атады

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы үкімет жиынында банк секторындағы жағдайды сынап, шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, өзін Назарбаевтың саяси қарсыласы санайтын Мұхтар Әблязовті сөз қылды. Әблязов былтыр БТА Банкінен қаржы жымқыру ісі бойынша сырттай 20 жылға сотталған.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевтің баяндамасына байланысты Назарбаев «Мұны қашан тоқтатамыз? Әблязов бастаған БТА Банк көз алдымызда мемлекет пен халықтың ақшасын талан-таражға салып, ұрлады. Біз мұның мемлекет қаржысын тонау екенін қазір бүкіл әлемге көрсетіп, дәлелдедік. Ал қазір не болды? Банк құрдық, оған сендік, халық, ұлттық компаниялар барды, енді бұл акционерлер ол жерден ақшаны шығарып жатыр. Ал Ұлттық банк жай ғана бақылап отыр» деді.

Ақышев баяндамасында кем дегенде екі коммерциялық банкті тексеру кезінде акционерлерге немесе солармен байланысы бар адамдар мен компанияларға несие берілгені анықталғанын айтты.

«Лицензиясынан айырылған «Дельта банкте» несиенің жүз пайызы дерлік банк акционерлеріне бағынышты компанияларға берілген. Банк есебінде бұл көрсетілмеген және ол тексеру кезінде ғана анықталды. Бұл банктің 60 пайыз міндеттемесін квазимемлекеттік құрылымдар есепшоты құраған. Bank RBK-да 90 пайыз несие банк акционері немесе солармен байланысы бар төрт қарыз алушыға берілген» деді Данияр Ақышев.

Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыптарды терістеп, керісінше билікті өзінен БТА Банкті тартып алды деп айыптайды. Әблязов БТА Банк басшысы болып тұрғанда банк елдегі активінің көлемі бойынша ең ірі банк болған. Әлеуметтік желілерде тікелей трансляция жүргізіп тұратын Мұхтар Әблязов бұған дейін Назарбаев пен Қазақстан үкіметін дебатқа шақырған.