Ескендір Ерімбетовті қамау мерзімі тағы ұзартылды

Ескендір Ерімбетов, қамаудағы бизнесмен.

Алматының Медеу аудандық сотының тергеу судьясы Анина Байдәулетова 6 наурызда бизнесмен Ескендір Ерімбетовті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертпеу және қамау мерзімін екі айға – 13 мамырға дейін ұзарту туралы санкция берді. Бұған дейін судья Ерімбетовті қамау мерзімін екі рет екі айға ұзартқан. Судья сот қаулысы бірден күшіне енетінін, бірақ оған үш күні ішінде шағымдануға болатынын жариялады.

Ерімбетовтің адвокаты Жанар Балғабаева сот шешімін "негізсіз" деп, ал бизнесменді қамауда ұстаудың қауіпті екенін мәлімдеді. Алвокат Ерімбетовтің туыстары оны босатқан жағдайда кепіл қоюға дайын екенін айтты.

Бүгінгі сотқа Ескендір Ерімбетовтің әйелі Мадина Ерімбетова бірінші рет қорғаушы ретінде қатысты. Ол кәмелетке толмаған үш баласы барын және күйеуінің тергеуден қашып кетуіне еш себеп жоғын айтып, соттан күйеуін босатуды сұрады.

Бірақ прокурор Д.Баймағамбетов соттан Ерімбетовке қатысты бұлтартпау шарасын өзгертпеуді және жедел тергеу тобының басшысы С. Перовтің Ерімбетовті қамау мерзімін 13 мамырға дейін ұзарту туралы өтінішін орындауды сұрады.

Сотқа Ескендір Ерімбетовтің өзін әкелмеді. Сот отырысына Ерімбетовтің төрт қорғаушысы – ата-анасы, әйелі және адвокаты ғана қатыстырылды.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі былтыр 13 қарашада тұтқындалған. Тергеу дерегінше, олар БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовқа сырт елдерге шығарған қаражатының ізін жасыруға көмектескен. Туыстары Ерімбетовті кезінде Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарып, одан Әблязовке қарсы жауап алу үшін қуғындап отыр деп санайды.

15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі ай қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 9 қаңтарда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 наурыз) ұзартқан. 19 қаңтарда Алматы қаласының апелляциялық соты Ескендір Ерімбетовті қамау туралы шешім "заңды" деген.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 24 қаңтарда 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында "азаптап жатыр" деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.

Оқи отырыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті

Ерімбетовтің туыстары "абақтыда оны азаптап, қысым көрсетті" деп мәлімдеген. Билік Ерімбетовке қысым жасау шағымы бойынша іс қозғағанымен, кейін "қылмыс құрамы жоқ" деп істі жапқан.