АЕ/АР Арменияда журналистерге жасалған шабуылды айыптады

Азат Еуропа / Азаттық Радиосының Прагадағы кеңсесі (Көрнекі сурет).

Азат Еуропа / Азаттық Радиосының (АЕ/АР) үш журналисі өткен жексенбіде Армениядағы толқудан хабар тарату кезінде шабуылға ұшыраған. Арменияда мыңдаған адам премьер-министр болып сайланған бұрынғы президент Серж Саргсянның отставкаға кетуін талап етіп, бірнеше күн шеруге шыққан. 23 сәуірде Серж Саргсян отставкаға кетті.

Азат Еуропа / Азаттық Радиосының президенті Томас Кент журналистердің шабуылға ұшырауына қатысты мәлімдеме жасады.

"Полиция өкілдерінің шабуыл жасағандардың ішінде болуы немесе астыртын көмектесуі өте қауіпті. Біз тез арада кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеміз" деді Томас Кент.

22 сәуірде Азаттықтың Армян редакциясының (Радио Азатутюн) тілшісі Наир Булгадарян орталық алаңда тікелей репортаж жүргізіп жатқан кезде, полиция өкілі шабуылдап, камерасы зақымдалған. Соның салдарынан тікелей эфир тоқтап қалған.

Сол күні продюсер Анатолий Егизарян да полиция қысымына тап болған. Полиция ол құлап қалған кезде де қол жұмсаған. Азаттық тілшісі Арус Хакобянға да полиция формасындағы адам шабуыл жасаған. Бұл оқиға бастан-аяқ видеоға түсірілген. Армения бас прокурорының кеңсесі бұл оқиғаларға қатысты тергеу жүргізуді тапсырған.