Ақтөбе полициясы: Қарулы қарақшылар табылған жоқ

Арман Мұхамедияров, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті криминалды полиция басқармасының басшысы. Ақтөбе, 25 сәуір 2018 жыл.

25 сәуір күні Ақтөбе полициясы қырғызстандық автобус пен КамАЗ жүргізушісіне күре жолдың бойында оқ атқандардың ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Әзірше қарулы қарақшылардың кім екені беймәлім. Облыстық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті криминалды полиция басқармасының басшысы Арман Мұхамедияров қарулы шабуылшыларды табу үшін полицияның күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.

- Ақтөбе облысы аумағындағы жолдарда күн сайын жүздеген көлік жүріп өтеді. Көлік иелері күдікті жайттарға куә болған жағдайда полицияға хабарласуын сұраймыз. Біз оқиға куәгерлері туралы ақпараттың құпия ұсталатынына кепілдік береміз, - деді Арман Мұхамедияров.

Сәуір айында жолаушыларға екі мәрте қарулы шабуыл жасалғанына қарамастан полиция Ақтөбе аумағындағы жолдар қауіпсіз, криминалды ахуал тұрақты деп санайды. 19 сәуір күні Ақтөбе - Орынбор жолының 35 шақырымында жол жиегінен КамАЗ көлігінің ішінен жүргізушінің мәйіті табылған. Сарапшылар 1966 жылы туған көлік жүргізушісіне түнгі екілер шамасында оқ атылғанын анықтаған.

Оқ тиіп, қаза болған КамАЗ көлігі жүргізушісі Валерий Морозовтың Ақтөбе қаласының тұрғыны болғаны ғана белгілі. Өзге мәліметтерді полиция тергеу мүддесін ойлап, жарияламай отырғанын айтты. Марқұм сәуірдің 23-і күні жерленген. Туыстары Азаттық тілшісіне оқиғаға қатысты комментарий беруден бас тартты.

Полиция 6 сәуірге қараған түні Ақтөбе облысында күре жол бойында тұрған, Мәскеуден Бішкекке бара жатқан қырғызстандық микроавтобусқа шабуыл жасап, автобустан ақша мен әшекей бұйымдарын ұрлап алып кеткендерді де әлі тапқан жоқ. Ол кезде шабуылдан автобус жолаушысы жараланып, жүргізушінің оқиға орнында болмағаны хабарланған. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті қарақшылық шабуыл фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын айтқан еді. Облыс прокуратурасы тергеуді бақылауға алғанын мәлімдеген.

Ақтөбе облысы аумағы арқылы күн сайын жүздеген транзиттік автобус пен көлік жүреді.