Ардақ Әшімді мәжбүрлеп емдеу мерзімі ұзартылды

Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл.

27 сәуір күні Шымкенттегі Абай аудандық соты белсенді Ардақ Әшімді жүйке аурулары ауруханасына мәжбүрлеп жатқызу мерзімін бір айға ұзартты деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Әшімді мәжбүрлеп емдеу мерзімі Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Бақытжан Сыдықовтың шағымы бойынша ұзартылып отыр.

Судья Сержан Айнабеков қараған іс жабық өтті. Сот отырысына белсендінің қамқоршысы ретінде қызы Айнұр Әшімова, заңды өкілі ретінде Гүлзейнат Әшімова, адвокаты Ғалия Аяпбергенова және тергеуші Бақытжан Сыдықов қатысты.

Ардақ Әшімнің әке-шешесі мен күйеуі және көршілері, белсенділер соттың күту залында отырды.

Айнұр Әшімованың айтуынша, анасы Ардақ Әшімнің денсаулығы қалыпты. Әлі күнге тек отбасы мен туыстары алып барған тамақ пен суды ішіп жүр. "Біз сотта барынша анамның ауруы жоқ екенін дәлелдеуге тырысамыз" деген ол.

Айнұр Әшім, белсенді Ардақ Әшімнің қызы.

Ардақ Әшімнің әкесі 84 жастағы Шәйдарбек Әшімұлы қызы "бұған дейін ауырып көрмегенін" айтады.

- Бұл - ортадағы біреулердің артық сөзімен кеткен іс, - деді Шайдарбек Әшімұлы.

Бұған дейін Айнұр Әшім тергеуші Бақытжан Сыдықов анасы Ардақ Әшімнің құқығын "қасақана өрескел бұзып, оның күйеуі мен қызы бар екенін біле тұра, жақындығы жоқ Бағира Тайырбекованы қорғаушы өкіл ретінде қатыстырғанын" айтқан.

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған. Абай аудандық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы қайлыны 27 наурызда шағырған. Белсендінің туыстары сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген.