Пашинян премьерлікке жалғыз кандидат болып тіркелді

Никол Пашинян халық алдында тұр

Армениядағы наразылық шараларының басында жүрген "Елк" партиясының лидері Никол Пашинян 1 мамырда өтетін премьер-министр сайлауына жалғыз ғана кандидат болып тіркелді.

Премьерлікке кандидаттарды тіркеу 30 сәуір кешкі сағат алтыда аяқталған. Ресми түрде тек Пашинян ғана үміткер болып тіркелген. Премьер-министрлі парламент депутаттары сайлайды.

- Егер премьер-министр болып сайлансам елде еркін әрі демократияға сүйенген сайлау өткіземін. Халықтың күш-қуатының арқасында елде үлкен өзгерістер болды, - деді Пашинян 30 сәуірде журналистерге берген сұхбатында.

Өткен аптада Пашинян халық сенім білдірсе Армения премьері болуға дайын екендігін мәлімдеген.

Он жыл ел басқарған президент Серж Саргсянның премьер-министр болуына қарсы Армения халқы жаппай наразылыққа шыққан. Саргсян президенттіктен кеткенде билікке оралмайтынын айтқан. Армения халқы Саргсян премьер-министрлікке келу арқылы "билікті басып алды" деп айыптаған.

Арменияның көптеген қалаларындағы наразылық акцияларынан соң Саргсян отставкаға кеткен. Бірақ оппозиция жаңа парламент сайлауын өткізуді талап етіп, шеруді тоқтатқан жоқ.