Ақтөбеде де наразылық танытқан бірнеше адамды полиция ұстады

Ақтөбедегі полиция көлігі (Көрнекі сурет).

Ақтөбеде наразылық акциясына қатысқан бірнеше адамды полиция ұстап әкетті. Облыстық әкімдік алдындағы акцияға куә болған қала тұрғындары "10 мамыр күні сағат 10 шамасында әкімдікке 20-25 адамның келгенін" айтады. Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова "Небәрі он шақты адам жиналды" дейді. Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, наразы топ саяси тұтқындарға бостандық беруді талап етті.

- Тұрғындардың 20-25 адам деп отырғаны наразы топпен әңгімелесуге шыққан әкімдік қызметкерлері болса керек. Негізі, он шақты адам жиналды. Арасында жастар да, егде адамдар да болды. Біз оларды тыңдадық, профилактика жасадық, – дейді ішкі саясат басқармасының басшысы.

Наразылық акциясына қатысқан бірнеше адамды полиция ұстап әкеткені туралы Бұлбұл Елеусінова "Полицияны біз шақырған жоқпыз. Олар өздері де жағдайды бақылап отыр ғой" деп жауап берді.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Азаттық тілшісінің "Наразылық акциясына қатысқан адамдарды полиция ұстап әкеткені рас па?" деген сауалына "Біз ақпаратты прокуратураның рұқсатынсыз бере алмаймыз" деп жауап берді.

Облыстық әкімдік ғимараты алдындағы алаңды әлі де полиция бақылап тұр.

Бүгін Астана мен Алматыда да түскен дейін ондаған адам көшеге шығып, саяси тұтқындардың босатылуын, азаптауды тоқтатуды талап етті. Митингіге шыққан ондаған адамды полиция арнайы жасағы күшпен ұстап, автобустарға отырғызып алып кетті.