Бішкекте дайындалған ет Гиннестің рекордтар кітабына енді

Қырғыз аспаздары 12 тайқазанға асқан сегіз жылқының етінен асылған ұлттық тағамның салмағы бір тоннадан асқан. Бішкек, 11 наурыз 2018 жыл.

Бішкекте биыл наурыздың 11-і күні аса үлкен мөлшерде дайындалған ұлттық тағам – ет (бесбармақ) Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енгізілді деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Рекордты тіркеушілердің мәліметінше, арнайы дайындалған еттің салмағы 1464 килограмм болған.

Наурыздың 11-і күні Бішкекте өткен аспаздық шарасын бірнеше қоғамдық бірлестік ұйымдастырған. Олар бұған дейін қазақ аспаздары орнатқан рекордтан асып түсу туралы мақсат қойғандарын айтқан. 2015 жылы Астана күні мерекесіне арнап әзірленген, салмағы 736,5 келі тартатын ет Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Ет – қазақтар мен қырғыздарға ортақ ұлттық тағам түрі.

Бішкекте наурыздың 11-і күні ұйымдастырылған арнайы шара кезінде әрбіріне 150 литр су сиятын 12 тайқазанға сегіз жылқының етін асқан.

Бішкекте бір тоннадан көп ет асып, 117 метрлік шұжық әзірледі

Бұған қоса Бішкектегі шарада жылқы етінен ұзындығы 117 метр шұжық дайындалған. Әуел баста ұйымдастырушылар 100 метр шұжық әзірлемекші болған, бірақ оларға дейін қазақ аспаздары дайындаған 100 метр қазы Гиннестің рекордтар кітабына еніп үлгергендіктен, қырғыз аспаздары одан асып түсуді ұйғарған.

2008 жылы Қытайдағы этникалық қазақтар – ерлі-зайыпты Болат Бейнелұлы мен Гүлзат Азанбекқызы әзірлеген ұзындығы 100 метр, салмағы бір тонна қазы Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Болат Бейнелұлы рекордты Қытайдың атынан тіркеуге қарсы болғандықтан, оған қазақ халқының ұлттық мұрасы – қазыны әзірлеуден рекорд орнатқаны туралы сертификат берілген.

Гиннестің рекордтар кітабына енген қазақ қазысы туралы видео:

Your browser doesn’t support HTML5

Гиннесс рекордтар кітабына енген қазақ қазысы