Ескендір Ерімбетовтің анасына айыппұл салынды

Ғайни Ерімбетова Алматының әкімшілік соты алдында тұр. 12 маусым 2018 жыл.

Алматының әкімшілік соты 12 маусым күні кешке 69 жастағы Ғайни Ерімбетованы митинг және басқа да көпшілік жиын өткізу тәртібін бұзды деп айыптап, 50 айлық есептік көрсеткіш (бір АЕК - 2405) көлемінде айыппұл салды.

Ғайни Ерімбетова - қамауда отырған 47 жастағы Ескендір Ерімбетовтің анасы. Былтыр қарашаның 13-і күні тұтқындалған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі содан бері қамауда отыр. Тергеу дерегінше, олар "БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовқа сырт елдерге шығарған қаражатының ізін жасыруға көмектескен". Ерімбетовтің туыстары мен жақтастары кәсіпкерді кезінде Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарып, одан Әблязовке қарсы жауап алу үшін қуғындап отыр деп санайды. Бельгия саяси баспана берген Бота Жәрдемәлі қазір Еуропада тұрып жатыр.

Сот қаулысы жарияланған соң Ерімбетова ұлын қолдайтын логотиптер жазылған, ені 1,5 метр, ұзындығы 6 метрлік матаны қайтарып алмақ болған. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл логотиптер Ескендір Ерімбетовтің сотында сот залында отыратын жақтастарының киіміне жабыстырылады деп жоспарланған. Ескендір Ерімбетовтің соты 14 маусымда басталуы тиіс.

Судья 12 маусымда сот қаулысын жариялаған кезде мата жайлы айтпады. Бірақ сот отырысынан соң бұл матаның "заттай айғақ" ретінде тәркіленгенін айтып, оны жоюға пәрмен берді.

Ғайни Ерімбетованың үстінен әкімшілік іс оның Facebook-егі жазбасына бола қозғалған. Полицияның айтуынша, 9 маусымда Ерімбетова әлеуметтік желіде "...2018 жылы 14 маусымда ұлым Ескендір Ерімбетовтің үстінен сот болады. Сол күні Медеу аудандық соты алдында қарсылық акциясына қатысуға шақырамын" деп жазған.

Ғайни Ерімбетова мен оның адвокаты Жанар Балғабаева бұл жазба оған тиісті емес, жалған парақшада жазылғанын дәлелдеуге тырысты. Бірақ олар судья бұл уәждерге назар аудармаған. Балғабаева мен Ерімбетова Азаттық тілшісіне сот қаулысына шағымданатынын айтады.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы биыл қаңтардың 24-і күні 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында "азаптап жатыр" деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.

Сәуірдің ортасында Қазақстанға жергілікті құқық қорғау ұйымдарының шақыруымен келген Польша Сеймі депутаты Марчин Свенчицки мен италиялық құқық қорғаушы Антонио Станго өздері Алматының тергеу абақтысына арнайы барып кездескен Ескендір Ерімбетовтің өткен желтоқсан және қаңтар айларында тұтқында азаптау мен соққыға душар болғанын айтып бергені туралы Азаттыққа хабарлаған.

Оқи отырыңыз: Польша депутаты: Ерімбетов азаптау туралы айтты

10 мамырда Алматыда өткен "саяси тұтқындарды босатуды талап еткен" наразылық шарасында Ерімбетовтің туыстары оны қамаудан шығаруды талап еткен.