Бас консул Иранда қазақстандық режиссердің ұсталғанын растады

Иран полициясының көлігі (Көрнекі сурет).

Қазақстанның Иранның Горган қаласындағы бас консулы Айтжан Ыдырысұлы Азаттыққа осы елде қазақстандық режиссер Қанат Бейсекеевтің ұсталғанын растады. Бірақ оның дәл қазір қай жерде екенін білмейтінін айтты.

- Рұқсатсыз келгені үшін ұсталған. Иран заңы бойынша, журналистік виза болады. Алдын-ала хат жазылады. Не түсіру керектігі айтылады. Сосын журналистік виза беріледі. Рұқсат беріледі. Ал ол кісіде [Қанат Бейсекеевте] ондай виза болмаған, - дейді Айтжан Ыдырысұлы Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Иранға кино түсіруге барған Бейсекеев және тағы екі адам Горганға маусымның 16-сы күні жетіп, консулдық өкілдерімен кездескен. Консул оларға бұл жақта кино түсіру үшін қандай құжаттар қажеттігін түсіндірген. Бірақ олар "өздері білетінін” айтқан.

Бас консул қазір Қазақстан азаматының құқықтарын қорғау бойынша қолдан келген барлық шараларды жасап жатқандарын айтты.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Азаттық тілшісіне Қанат Бейсекеевтің ұсталғаны туралы ақпараты жоғын айтып, кейінірек хабарласуды сұрады.

22 маусым күні PR-маманы Әлішер Елікбаев қазақстандық режиссер Қанат Бейсекеевтің Иранда ұсталғаны туралы хабарлаған. Елікбаевтың айтуынша, режиссер ол жаққа Ирандағы қазақтар туралы фильм түсіруге барған.