Халықаралық шахмат ұйымының (FIDE) президенті Кирсан Илюмжинов бұған дейін ұйым басшылығына Ресей ұсынған кандидаттың пайдасына FIDE президенті сайлауынан бас тартпақ. Бұл туралы Илюмжинов "Интерфакс" агенттігіне мәлімдеген.
Маусымның 27-і күні Ресей шахмат федерациясы FIDE басшылығына кандидат етіп Ресей үкіметінің бұрынғы вице-премьері Аркадий Дворковичтің кандидатурасын ұсынған.
Кирсан Илюмжинов FIDE басшылығына 1995 жылы сайланған. Соңғы жыл ішінде ұйым жетекшілігі АҚШ Әділет министрлігінің "қара тізіміне" еніп, FIDE есеп-шоттарының бұғатталуына себеп болған Илюмжиновті бұл қызметтен кетіруге бірнеше рет талпынып көрді. Бұған дейін Кирсан Илюмжиновтің өзі биыл қазанның басында Грузияда өтетін FIDE президенті сайлауына түсетіні туралы бірнеше рет мәлімдеген.