Трамп: "Обама кибершабуылға қарсы ештеңе істемеген"

АҚШ президенті Дональд Трамп. Лондон, 13 шілде 2018 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ бас прокуроры орынбасары Род Розенстайнның Ресей бас барлау басқармасына (ГРУ) қызмет атқаратын 12 ресейлікке АҚШ билігі айып тағатыны туралы мәлімдемесіне қатысты пікірін білдірді. Трамп айыптау құжатында айтылған оқиғалар өз билігі кезінде емес, бұрынғы президент Барак Обаманың тұсында болғанын айтқан. Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына Трамп америкалық барлау қызметтері осы оқиғалар жайлы Обамаға баяндаған 2016 жылдың күзінде, яғни сайлауға дейін неліктен ешқандай қимыл-әрекет жасамаған деген сұрақ қояды.

Өзіне және қызметкерлерінің атына айтылған айыптауларды "жалған [фейк] жаңалықтар" деп атауды әдетке айналдырған Трамп негізгі қарсы уәждерін Барак Обама мен президент сайлауында демократиялық партиядан бәсекелесі болған Хиллари Клинтонға қарата айтқан.

Шілденің 13-і күні АҚШ ресейлік ГРУ-дың 12 қызметкеріне 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына араласуына байланысты айыптар тақты. Америкалық кей заң шығарушылар Трампты шілденің 16-сы күні Хелсинкиде Ресей президенті Владимир Путинмен жоспарланған кездесуден бас тартуға шақырған.

Ресей Сыртқы істер министрлігі Вашингтонды негізсіз айыптауларды қайталап отыр деп айыптап, АҚШ атаған 12 ресейліктің ГРУ-ге қатысы барын жоққа шығарған.