Лондон Скрипаль ісі бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін өткізуді талап етті

БҰҰ-дағы Ұлыбритания өкілі Карен Пирс

Ұлыбритания бұрынғы ГРУ агенті Сергей Скрипаль мен қызына Солсбериде жасалған қастандық ісі бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің арнайы отырысын өткізуді талап етті. БҰҰ-дағы Ұлыбритания өкілі Карен Пирстің айтуынша, кеңес 6 қыркүйек күні өтуі мүмкін.

Бұл мәлімдемеден бірнеше сағат бұрын Ұлыбритания полициясы қастандық жасады деген күдікке ілінген Александр Петров пен Руслан Боширов есімді екі адамның суретін жариялаған. Тергеу тобының мәліметіне сәйкес бұл екі адам Мәскеуден Лондонға 2 наурыз күні ұшып келіп, Скрипаль уланған 4 наурызда қайтып кеткен. Сәрсенбі күні Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй шабуылды Кремльдің тапсырмасымен Ресейдің арнайы қызмет агенттері жасады деп мәлімдеді. Лондон екі күдіктіні Еуропа аумағына ене қалған жағдайда қамауға алу туралы нұсқау берді.

Полицияның мәліметіне сәйкес, "Новичок" уын екі күдікті Ресейден әтірдің құтысына құйып әкелген де, уды Скрипальдің Солсберидегі үйінің сыртқы есігінің тұтқасына жағып кеткен. Құтыны маусым айында көршілес Эймсбери қаласының тұрғыны Чарли Роули тауып алған. Ол аман қалса да, досы Дон Стерджесс уланып өлген. Полиция құтының наурыздан маусымға дейін қайда боғанын әлі анықтай алмаған. Сол себепті ресейлік екі күдіктіге Стерджесті өлтірді деген айып әзірше тағылмаған. Ал Солсбериде уланып, жан сақтау бөліміне түскен Сергей мен Юлия Скрипаль және бір полиция офицері кейін сауығып кеткен.

Сергей Скрипальді 2006 жылы Ресей соты "Ұлыбритания тыңшысы" деп айыптап, 13 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. 2010 жылы Мәскеу АҚШ-та ұсталған ресейлік он агентті Ресейде Батыс мүддесі үшін тыңшылық етті деген айыппен сотталған төрт адамға алмастырған кезде солардың арасында Скрипаль да болған. Ол содан бері Ұлыбританияда тұрып жатқан.