Ақтөбе облысында жоғалған 6 адам табылды

Ақтөбе облысының картадағы орны

Ақтөбе облысында туыстары бірнеше күн бұрын жоғалды деп хабарлаған алты адамды Қызылорда облысы аумағынан табылды. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің 10 қыркүйек күні кешке хабарлауынша, алтауы да аман-есен.

Полицияның мәліметінше, іздестіру жұмыстарына Ақтөбе облысы, онымен шектесетін Қызылорда және Қарағанды облыстарының ішкі істер қызметкерлері және "Қазавиақұтқару" мекемесінің тікұшағы жұмылдырылған.

Іздестіру жұмыстары нәтижесінде жоғалған адамдардың Қызылорда облысының Арал ауданы аумағында жүргені анықталған.

Полиция бұған дейін үйлерінен 31 тамыз күні шығып, әлі оралмаған алты адамға іздеу салған еді. Ағайынды Мейірхан мен Мейіржан Қарақовтар 31 тамызда Ақтөбеден шығып, Шалқар ауданына барған. Сол жерден туыстары Әлімжан Есбосынды ертіп, Ырғыз ауданын бетке алған. Үшеуінің жанына Шалқардан тағы үш адам ілескен. Жоғалған азаматтардың туыстары олардың "жылқы іздеп кеткендерін" айтқан.

- Жоғалған малдың қайда екенін көрсетеміз деп менің бауырларымды бейтаныс үш жігіт ертіп кеткен. Біз олардың кім екенін білмейміз. Жанар-жағар май қорын жасап алып, азық-түліктерін сайлап кеткен еді. Содан бері хабарсыз, - деген жоғалған азаматтардың Ақнұр есімді туысы.

Полицияға 11 тәуліктен бері хабарсыз кеткен алты азаматтың аты-жөні мәлім. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі әзірше полицияға ағайынды Қарақовтардың туыстары ғана шағымданғанын айтады. Өзге төрт адамның туыстарынан шағым түспеген.