2019 жылы күрестен әлем чемпионаты Астанада өтеді

Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Жұлдыз Ешімова (көк формада) Азия ойындарында күресіп жатыр. Тамыз, 2018 жыл.

Бүкіләлемдік күрес ұйымы (United World Wrestling - грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінің халықаралық федерациясы) 2019 жылғы күрестен әлем біріншілігі Астанада өтетінін хабарлады. Біріншілік 2019 жылы 14-22 қыркүйек аралығында өтеді.

"Астананың спортшылар, жаттықтырушылар және жанкүйерлер үшін тамаша жарыс өткізетініне сенімдімін" деді UWW-ның 24 қыркүйекте таратқан мәлімдемесінде ұйым басшысы Ненад Лалович.

"Күрестен әлем біріншілігі айтулы оқиға саналады және ол Қазақстан мен аймақта күрестің кең таралуына жағдай жасайды" деді Қазақстанның грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының президенті Сауат Мыңбаев.

2019 жылғы күрестен әлем біріншілігі 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама сарапқа салынатын алғашқы іріктеу турнирі болмақ.