Шымкентте "емханада қайтыс болған" полицей өлімін тексеріп жатыр

Шымкент полицейлері (Көрнекі сурет).

Шымкенттегі жекеменшік клиникалардың бірінде қайтыс болған азаматтың қалалық ішкі істер департаментінің қызметкері екені анықталды. Бұл туралы қыркүйектің 27-сі күні Азаттыққа департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Әл-Фараби ауданында болған. Полиция 25 қыркүйекте қайтыс болған азаматтың Шымкент қаласы ішкі істер департаментінің қызметкері екенін анықтаған. Қазір болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

“Аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабы ("Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы") бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр” делінген хабарламада.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы әзірге қайтыс болған азаматтардың туыстарынан қандай да бір шағым түспегенін айтады.