Илон Маск Tesla-ның директорлар кеңесі құрамынан шығады

Илон Маск

Tesla компаниясының негізін қалаушы Илон Маск сотқа дейінгі кезеңде қадағалау органдарымен келісімге келді.

Ол 20 миллион доллар көлемінде айыппұл төлеп, Tesla директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен үш жылға дейін бас тартады. Бірақ компанияның бас директоры қызметінде қала береді. Келісім бойынша, Маск ендігәрі Twitter-де жазатын постарын Tesla-мен алдын-ала келісіп отыруы тиіс.

Илон Маск тамыз айында Twitter-де Tesla-ны тұтастай жеке компания қылғысы келетінін айтып, оның биржадағы акцияларының айналымын тоқтатуды қалайтынын меңзеген.

Бірнеше күннен кейін инвесторлар оны сотқа берген. Себебі, олардың айтуынша, оның бұл әрекеті құнды қағаздар мен инвесторлар құқығын қорғауға қатысты америкалық заңнаманы бұзуы мүмкін.

АҚШ заңнамасына сәйкес, компания басшыларының осыған ұқсас хабарламалары жалған болмауы тиіс және алдын-ала инвесторлармен келісілуі керек. Сонымен бірге бұндай әрекет реттеу және бақылау органдарына ресми түрде баяндалуы тиіс. Ал бұны Маск орындамаған.

Әуел баста Маск шағымның негізсіз екенін айтып, өзінің "шындық, ашықтық және инвесторлардың мүддесіне" қарай әрекет еткенін айтқан. Әйткенмен прокуратура оған алаяқтық бабы бойынша айыптар таққан.