Түркіменстанда нан алу үшін кезекте жиі тұрады

Ашғабаттағы азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар.

Түркіменстанның аймақтарында нан мен ұн тапшылығы байқалып отыр деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі - Азатлык радиосы. Дашогуз облысындағы дерек көзінің Азатлык радиосына жолдаған видеода азық-түлік дүкені алдында көп адамның кезекте тұрғаны бейнеленген. Видеоны жолдаған адамның сөзінше, жұрт дүкен алдына нан мен ұн сатып аламыз ба деген үмітпен жиналған. Оны видеодағы адамдардың үзік-созық сөздерінен аңғаруға болады.Куәгерлердің бірінің айтуынша, сол күні дүкен алдына бірнеше жүз адам жиналған.

"Түркіменстанның балама жаңалықтары" тәуелсіз басылымы Дашогуз облысындағы аудандардың біріндегі азық-түлік дүкені алдындағы үлкен кезек туралы хабарлады. Басылым мақаласында жарияланған фотодан ондаған адамның кезекте тұрғанын байқауға болады. Мақалада сатып алушылар мен сатушылар арасында ұрыс-керіс жиі болатыны жазылған.

Азатлык радиосы тілшілерінің хабарлауынша, Түркіменстанда әдетте азық-түлік дүкендері мен өзге де мемлекеттік мекемелер алдындағы кезектегі тәртіпті құқық органдары қызметкерлері қадағалайды. Қазанның 3-і күні Азатлык радиосы хабарласқан тұрғындар Ашғабаттағы банктердің бірінде пластик карталарына түскен зейнетақы мен жәрдемақы ақшасын алуға жиналған жүздеген адам полиция қызметкерлерінің көзінше банкоматқа бұрын жету үшін бір-бірімен таласып-жұлысып қалғаны туралы айтты.

Бұл ақпараттарға қатысты Түркіменстанның билік орындарынан түсініктеме алу мүмкін болмады.

Түркіменстанның ресми басылымдарында елде нан және азық-түлік сатып алуға тұрғындардың кезекте тұратыны жайлы, сол сияқты, әлгіндей оқиғалар туралы еш ақпарат жоқ.