Лондонда жүз мыңдаған адам Еуроодақтан шықпауды талап етті

Лондондағы шеруге қатысушылар. Ұлыбритания, 20 қазан 2018 жыл.

Қазанның 20-ы күні Ұлыбритания астанасында қатысушылардың саны бойынша соңғы он бес жылдағы ең көп жаппай шеру өтті. Лондон көшелеріне шыққан бірнеше жүз мың адам Ұлыбританияның Еуропа Одағы құрамынан шығуына қарсылық білдіріп, Brexit бойынша екінші референдум өткізуді талап еткен.

Ұйымдастырушылар сенбідегі шеруге алты жүз мың адам қатысты дейді. Скотленд-Ярд қарсылық шеруіне қатысқандардың санын есептеу мүмкін еместігін мойындаған.

Шеруге шыққандар референдум өткеннен бері жағдай өзгергенін, сондықтан бұрын Еуропа Одағы құрамынан шығуды қолдап дауыс бергендер қазіргі билік тұсындағы Brexit салдарымен келіспейтіндерін мәлімдеген. Бұған дейін британ премьер-министрі Тереза Мэй қайтадан референдум өткізу мүмкіндігін жоққа шығарған.

Brexit туралы 2016 жылы маусымда өткен референдум қорытындысы бойынша, британдықтар аз ғана басымдықпен елдің Еуропа Одағы құрамынан шыққанын қолдайтындарын білдірген (сайлаушылардың 51,89% қолдаған, 48,11% - қарсы дауыс берген).

Еуропа Одағы жарғысының 50-бабына сәйкес, одақ құрамынан шығуға дайындыққа екі жыл уақыт беріледі. Ұлыбритания 2019 жылғы наурыздың 29-ы күні Еуроодақ құрамынан шығуы тиіс.