ЕО Иранға қарсы санкцияны айналып өту механизмін таяуда жарияламақ

Парсы шығанағындағы мұнай платформасы фонында тұрған Иран туы (Көрнекі сурет).

Еуропа Одағы АҚШ-тың Иранға салған санкциясын айналып өтетін жаңа механизмін 4 қарашада жариялайды. Бұл туралы дипломатиялық дереккөздеріне сілтеме жасаған Reuters хабарлады.

4 қарашада АҚШ-тың Иран мұнайын экспорттауды шектейтін шараларының екінші кезеңі күшіне енеді. Агенттік дереккөздері Еуропа Одағы (ЕО) "Иранды қолдайтын ишара жасап", Тегеранға өз ниетінің шынайылығын көрсеткісі келетінін айтты. Олардың сөзінше, шын мәнінде жаңа механизм келесі жылы ғана жұмыс істей бастайды.

Жаңа механизм бойынша Еуропа елдері Ираннан импорттайтын мұнай бағасына тауар және қызмет түрлері арқылы төлем жасайды. Еуропа Одағы бұл механизмнің нақты қалай жұмыс істейтініне, оның ішінде механизмнің "штабы" қайда орналасатынына қатысты егжей-тегжейлі келісіп алу керек.

Бұған дейін АҚШ-тың банктер арасында ақпарат алмасатын SWIFT жүйесімен одан Иранды шығару туралы келіссөз жүргізгені хабарланған. Пекиннің Тегеранға қарсы санкцияларын қолдамағанына қарамастан Қытайдың жетекші мемлекеттік мұнай компаниялары санкция салу ықтималдығына байланысты Ираннан мұнай сатып алмауға шешім қабылдаған.

Биыл мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған көпжақты келісімнен шығатынын және Тегеранға қарсы санкцияларды біртіндеп қалпына келтіретінін жариялаған. АҚШ пен Израиль билігі президент Барак Обама кезінде жасалған ядролық келісім ирандықтардың ядролық қару жасауға құпия түрде қаржы жинауына мүмкіндік тудырды деп біледі. Тегеран бұл айыпты терістейді. Еуропа Одағы Иранмен жасалған келісімді қолдап, АҚШ-тың өз бетінше салған санкциясынан айналып өту шараларын дайындайтынын мәлімдеген. Ресей мен Қытай да Иранмен ядролық келісімді сақтап қалуды қолдайды.