Солтүстік Корея жаңа қару сынағанын хабарлады

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын (ортада) әскерилер арасында тұр.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын "жаңа жоғары технологиялық қаруды" сынауға қатысты. Бұл туралы 16 қараша күні Солтүстік Кореяның мемлекеттік KCNA ақпарат агенттігі хабарлады. Ресми ақпарат бойынша, жаңа қару сынақтан сәтті өтті.

Ресми БАҚ нақты қандай қару сыналғанын айтпады. Солтүстік Корея телеарнасы қарудың бұрынғы басшы Ким Чен Ир тұсында дайындалғанын және ол армияның "әскери қуатын айтарлықтай күшейтетінін" хабарлады.

Солтүстік Корея БАҚ-ы Ким Чен Ынның қару сынауды тамашалағаны туралы соңғы рет былтыр қарашада хабарлаған. Ол кезде Пхеньян "Хвасон-15" құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын маусымның 12-і күні Сингапурде кездескен. Келіссөз қорытындысында келісім жасалып, ол бойынша Пхеньян Корей түбегін ядролық қарудан арылту міндетін мойнына алған. Ал Вашингтон Корей түбегіндегі қауіпсіздікке кепіл болып, экономикалық санкцияларды жоятын болған. Солтүстік Корея сонымен қатар АҚШ-қа "Хвасон-15" зымыранын сынаған полигонды жоюға уәде берген. Алайда, бір айдан соң БАҚ-та Пхеньянның жаңа баллистикалық зымыран жасау жоспарынан бас тартпағаны туралы ақпарат шыққан.

Бірнеше күн бұрын америкалық сарапшылар Солтүстік Кореяда 20 шақты зымыран базасы барын, Пхеньянның оларды жасырып отырғанын мәлімдеген. Сарапшылар ол базалардың 13-інің орналасқан жерін анықтаған.