Орталық сайлау комиссиясы Тоқаев жайлы мәлімдеме жасады

Орталық сайлау комиссиясы ғимаратындағы жазу.

20 наурызда Астанада Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан президенті өкілетінің мерзімінен бұрын тоқтатылғаны және президент өкілеті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшетіндігі туралы үш мәселе қаралды. Бұл туралы сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады.

"Біріншісі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы, екіншісі, Қазақстан парламенті сенатының депутаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілетін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы және Қазақстан президенті өкілетінің Қ.Тоқаевқа көшкені туралы" делінген ресми хабарламада.

Конституцияның 42-бабының 3-тармағына сәйкес Республика президентінің өкілеті жаңадан сайланған Республика президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған жағдайда тоқтатылады.

Конституциялық кеңестің 2019 жылғы 15 ақпандағы № 1 қаулысы бойынша, Қазақстан президентінің конституциялық мәртебесінен оның өз еркін білдіруіне сәйкес өкілетін тоқтату құқығы туындайды. Ол мемлекет басшысының өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатуға дербес негіз болып табылады.

Конституцияның 48-бабына сәйкес, Қазақстан президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған жағдайда президент өкілеті қалған мерзімге парламент сенатының төрағасына көшеді. Ол сенат төрағасының өкілетін доғарады.

Орталық сайлау комиссиясы бұл қаулыларын Қазақстан Конституциясына, "Қазақстан Республикасының президенті туралы" заңына сәйкес, "Қазақстан Республикасы президентінің өкілетін атқару туралы" президенттің 2019 жылғы 19 наурыздағы № 887 жарлығы негізінде қабылданғанын хабарлады.