Порошенко пікірсайыс алаңы ретінде белгіленген Киевтегі стадионға барды

Ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап беріп жатқан Петр Порошенко. 14 сәуір 2019 жыл.

Украина президенті Петр Порошенко қарсыласы Владимир Зеленскийдің пікірсайысты кейінірек өткізу туралы ұсынысына қарамастан 14 сәуірде түстен кейін Киевтегі Олимпиада стадионына барды.

Саясаткердің жанында әйелі және балалары болған. Ол стадиондағы мінберге шығып, "пікірсайыс өткізетін жерді мен ұсынған жоқпын" деп Зеленскийді күндізгі сағат үшке дейін күтетінін айтқан.

"Мені көріп отырғаныңды білемін" деп Зеленскийге қарата сөйлеген Порошенко ол "Парижде Франция президенті Эммануэль Макронмен кездескеннен кейін демалып жатқан болар" деп қағытқан.

Жиналған жұрт алдында сөйлеген соң Порошенко кейінірек стадиондағы залда ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берді.

Азаттықтың Украин қызметі оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

Украинадағы президент сайлауының бірінші кезеңінен өткен Порошенко мен Зеленский бұған дейін пікірсайыс өткізуге келіскен, бірақ екеуі екі түрлі мерзімді атаған: Порошенко - 14 сәуір, Зеленский - 19 сәуір. Киевтегі Олимпиада стадионы пікірсайысты 14 сәуір және 19 сәуірде өткізу туралы өтініш түскенін растаған еді.

Порошенко мен Зеленскийдің Еуропаға сапары. (12 сәуір 2019 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Порошенко мен Зеленскийдің Еуропаға сапары

Украинадағы президент сайлауының екінші кезеңі 21 сәуірге белгіленген. Сайлаудың бірінші кезеңінде Зеленский Порошенкодан 15 пайызға көбірек дауыс жинаған. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі екінші кезеңде де оның көбірек дауыс жинауы мүмкін екенін көрсеткен.