Прокурор "ҚДТ-ны қолдады" деп айыпталған отставкадағы майорға жаза сұрады

"Тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деп айыпталған 68 жастағы Болатхан Жүнісов сот залында тұр. Талдықорған, 16 қыркүйек 2019 жыл.

Прокурор "ҚДТ-ны қолдады" деп айыпталған оставкадағы ІІМ майоры Болатхан Жүнісовті екі жарым жылға бас бостандығын шектеуді сұрады. 68 жастағы зейнеткер соты Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында өтіп жатыр.

Жүнісов шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдады" деп осымен екінші рет айыпталып отыр.

18 қазанда жарыссөз кезінде прокурор Марат Әбуов Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") айыпталған Жүнісовтің бұған дейін де осы айыппен бір жылға бас бостандығы шектелгенін ескеруін сұрады.

Жүнісовтің адвокаты Ғалым Нұрпейісов жұма күнгі отырыста "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" сот өндірісін тоқтатуды сұрады. Айыпталушының қызы, қоғамдық қорғаушы Лаура Жүнісова да соттан әкесін ақтауды сұрады. Болатхан Жүнісов тағылған айыптарды жоққа шығарып, ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімі конституцияға қайшы деп есептейтінін айтты.

Прокурор Марат Әбуов. Талдыкорған, 16 қыркүйек 2019 жыл.

Тергеу органдарының дерегінше, 2019 жылы 7 сәуір мен 5 шілде айы аралығында Жүнісов Facebook желісінде қозғалысты қолдап, постар жариялаған. Шілде айында жергілікті тұрғындар арасында ҚДТ жайлы үгіт-насихат жүргізіп, 6 шілде күні орталық алаңға рұқсат етілмеген митингіге шығуға шақырған. Ақшалай сыйақы да ұсынған.

Жүнісов өзінің ҚДТ-ға қатысы жоғын, одан ақша алмағанын, бірақ ҚДТ-ның кейбір идеялары ұнайтынын айтады.

Болатхан Жүнісов шілде айынан бері қамауда отыр. Сот өткен айда басталды. Келесі сот отырысында (21 қазанда өтеді) айыпталушы соңғы сөзін айтады.

2018 жылы 13 наурызда Астана соты (қазіргі атауы Нұр-Сұлтан) "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, Қазақстан аумағында жұмыс істеуіне тыйым салған. Бұл шешімнен кейін "оны қолдаған" ондаған адамның үстінен іс қозғалды. Кейбір заңгерлер ұйымды қудалауға негіз жоқ, оны заңсыз деп тану туралы сот шешімінде қарама-қайшылықтар мен бұлыңғыр тұстар көп деп санайды.

Әблязов 2017 жылы сәуір айында қозғалыстың құрылғанын мәлімдеп, "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформалар жүргізуді" көздейтінін айтқан.

Осы аптада осыған ұқсас айып бойынша Нұр-Сұлтан тұрғыны Серік Жахин мен Алматы облысының тұрғыны Еркін Қазиев сотталды. Алматыда "ҚДТ-ны қолдады" деген күдікке ілінген көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызбасты ана Гүлзипа Жәукерова және Жазира Демеуованың ісі бойынша тергеу амалдары аяқталды. Нұр-Сұлтанда белсенділер Гүлмира Халықова және Ақмарал Керімбаева қамауда отыр. Құқық қорғаушылар Болатхан Жүнісов пен алматылық әйелдерді саяси тұтқындар тізіміне енгізген.