RSF Қазақстан билігін журналист Батырбековті босатуға шақырды

Шымкенттік журналист Амангелді Батырбеков.

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (RSF) Қазақстан билігін өткен айда екі жыл, үш айға түрмеге қамалған Амангелді Батырбековті босатуға шақырды. 22 қазанда тараған мәлімдемесінде бұл ұйым "Батырбековке шығарылған үкім – Қазақстанның журналистерді қалай қудалайтынының кезекті көрінісі" деп біледі.

"Көптеген заң бұзушылықтармен өткен сот процесінен соң осындай қатаң үкім шықты. Егер Қазақстан билігі реформа туралы сөзіне жұрт сенсін десе бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына байланысты әрекеттерді қылмыс деп тануды доғаруы керек, - дейді RSF мәлімдемесінде Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері бөлімінің басшысы Йоханн Бир.

Өткен аптада халықаралық "Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымы Амангелді Батырбековті 2019 жылы кәсіби қызметіне байланысты түрмеге қамалған журналистер тізіміне енгізген еді.

23 қыркүйекте Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің "жала жабу" және "қорлау" баптары бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Сот үкіміне сәйкес, Амангелді Батырбеков Facebook парақшасында жергілікті шенеуніктің "ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін қорлайтын сөздер жариялаған". Жергілікті ақпарат құралдары мен сот құжаттарына сүйенген CPJ жазуынша, Батырбеков шығын өтеуі ретінде 2,1 миллион теңге (шамамен 5 300 доллар) төлеуі тиіс.

"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін журналист Амангелді Батырбековті дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды. "Билік журналиске еркін әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі тиіс" делінген CPJ мәлімдемесінде.

8 қазанда Шымкентте белсенділер Батырбековті бостауға шақырып, оны қорғау жөнінде комитет құрды. 14 қазанда "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы журналисті қорғап, мәлімдеме таратты.