"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған Жазира Демеуова жеке адвокат жалдады

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған Жазира Демеуова. Алматы, 1 маусым 2019 жыл.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына "қатысы бар" деп күдікке ілінген Жазира Демеуова жеке адвокат Әсем Түсіпованы жалдады. Бұл ақпаратты 5 қарашада Азаттыққа үйқамақта отырған күдіктінің жағдайын білген адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Жазира Демеуова басында Ғалым Нұрпейісовтен көмек сұраған, бірақ ол бұл ұсыныстан бас тартуға мәжбүр болған.

- Мен оны қорғай алмаймын, себебі мен қорғап отырған Гүлзипа Жәукерова мен Оксана Шевчук және Жазира Демеуова арасында белгілі бір айырмашылықтар бар, - деді Нұрпейісов.

Бұған дейін Жазира Демеуованың құқығын мемлекет тағайындаған адвокат қорғап келген. Қыркүйек айында Демеуова үйқамаққа босап шыққан кезде оның прокурормен процессуалдық келісім жасасқаны туралы ақпарат шыққан. Алайда Ғалым Нұрпейісовтің пікірінше, оның ісі сот шешімімен экстремистік ұйым ретінде танылған қозғалысқа қатысы бар болғандықтан процессуалдық келісім болмаған сияқты.

6 қарашада Алмалы аудандық сотында 31 жастағы Оксана Шевчук, 51 жастағы Гүлзипа Жәукерова, 36 жастағы Әнуар Әшіралиев және 48 жастағы Жазира Демеуованың ісі бойынша сот басталады. Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, егер сот Әсем Түсіпованы Жазира Демеуованың адвокаты етіп тағайындаса, онда сот отырысы басталмай жатып аяқталады. Себебі Түсіпованың іспен танысуы үшін уақыт қажет.

Оқи отырыңыз: Билікті сынаған үш белсендіні үйқамақтан абақтыға ауыстырды

"Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысы бар" (шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы) деп айыпталған көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызбасты ана Гүлзипа Жәукерова, 36 жастағы Әнуар Әшіралиев 4 шілдеден бері тергеу изоляторында қамауда отыр. Қамалардан бір күн бұрын полиция Жәукерованың үйін тінтіп, үнпарақтар табылғанын хабарлаған. Ал Шевчук үйінен "митингі кезінде қолданылатын түтін шығаратын құтылар" табылған.

Шілде айында олармен бірге Жазира Демеуова да қамалған, бірақ 12 қыркүйекте ол үйқамаққа ауыстырылды.

Гүлзипа Жәукерова, Оксана Шевчук, Жазира Демеуова - 1 мамыр және 9 мамырда Алматыда өткен рұқсат етілмеген наразылық акциясы кезінде ұсталған ондаған азаматтың бірі. Мамыр айының ортасында олардың Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған қозғалысқа қатысы бар деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Тамыз айында құқыққорғаушылар бұл төрт азаматты "cаяси тұтқындар тізіміне" енгізген. Билік "Қазақстанда саяси тұтқындар бар" деген тұжырымды жоққа шығарады.