Сеулден келген 93 қазақстандық карантинге жатқызылды

Сеул әуежайы

6 наурызда Оңтүстік Корея астанасы Сеулден Нұр-Сұлтанға келген 93 қазақстандық карантинге жатқызылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлімдеді.

«6 наурызда Сеулден Нұр-Сұлтанға 178 жолаушы ұшып келді. Оның 85-і – транзит жолаушы. Яғни, Ресейден – 31, Өзбекстаннан – 51, Грузиядан – үш жолаушы. Олар әуежайдан шықпады, Қазақстан шекарасын кесіп өткен жоқ. Келесі рейсті күтіп отыр. Елдеріне қайтады. Қазақстанның 93 азаматы, екеуі бала, Нұр-Сұлтандағы көпсалалы ауруханаға 14 күнге карантинге жатқызылды» деді ол брифингте.

5 наурызда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Covid-19 коронавирусы көп табылған елдерден келген мыңға жуық адам карантинде екенін, 601 адам үйінде, қалғаны ауруханада жатқанын мәлімдеген. Олардың арасында Қытай азаматтары да бар.

Қазақстан үкіметі осыған дейін коронавирус көп тіркелген Қытай, Иран, Оңтүстік Корея, Италиядан келгендер 14 күнге карантинге жатқызылатынын мәлімдеген.

Your browser doesn’t support HTML5

Covid-19 вирусы қалай жұғады?

Қазақстан билігі Қытайдан бөлек, Иран, Оңтүстік Корея азаматтарын елге кіргізуге тыйым салды.

6 наурыздағы дерек бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны жүз мыңнан асты. Олардың басым бөлігі Қытайда (80 мыңнан аса), Оңтүстік Кореяда (6 мыңнан астам), Иранда ( 4700-ден аса) және Италияда (3800-ден асты).

Қазақстанда коронавирус тіркелген жоқ.

Маскадағы әлем