Алматыда тағы бес адамнан вирус табылды. Елде 150 адам дертке шалдықты

Алматы кіреберісіндегі блокпост. 24 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 27 наурыз 23.15-тегі дерегіне сай, Алматыда тағы бес адамнан вирус табылды. Қазір бұл қалада 55 адам дертке шалдыққан.

Ал елде қазір 150 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыдан бөлек Нұр-Сұлтанда - 75 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында - бір адам, Атырау облысында - үш адам, Павлодар және Маңғыстау облысында әрқайсысында бір адам.

26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда 64 жастағы бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. Оның коронавирус жұқтырғаны қайтыс болған соң анықталған. Елде барлығы төрт науқас: Алматыда - үш, Нұр-Сұлтанда бір адам дерттен айықты. Олардың бірі - 12 жасар қыз бала.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 15 сәуірге дейін төтенше жағдай. 19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.

Ал 28 наурыздан бастап елдегі ірі үш қалада - Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентте шектеулер күшейеді:

  • Енді үш қаладағы жұрт жұмысқа, азық-түлік және дәрі алуға ғана шыға алады.
  • Парк, жаяу жүргіншілер көшесі, жағалаулар, ойын алаңдары жабылады.
  • Қоғамдық көліктердің жұмысы шектеле бастайды.
  • Қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Бұл шектеудің бір отбасының адамдарына қатысы жоқ.
  • Балалар ересектерсіз көшеге шығуға тыйым салынады.

Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус жұқтырғанар жарты миллионнан асып кетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.