Шымкентте вирус жұқтырған 65 жастағы адам қайтыс болды

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 11 мамырда Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған 65 жастағы әйел адам қайтыс болғанын хабарлады.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, Қаратау ауданының тұрғыны 2 мамырда ЖРВИ диагнозымен Шымкенттегі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Алғашында одан коронавирус табылмаған. 6 мамырда жағдайы нашарлап, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Қайта анализ алғанда COVID-19 диагнозы анықталған.

Басқарманың ақпаратынша, марқұм бұған дейін өкпе, артериалды гипертензия, созылмалы панкреатит дертіне шалдыққан.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирустан 32 адам қайтыс болды. Ал жалпы бұл вирус елде 5160 адамға жұқты (дүйсенбі 70 адам). 2020 адам дерттен айықты (дүйсенбі 79 адам жазылды).

11 мамырда Қазақстанда екі айға созылған төтенше жағдай аяқталды. Бірақ елде карантин шаралары әлі жалғасады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда карантин қалай жалғасады? 400 сөзбен түсіндіреміз