Адамзат тарихында алғаш рет. Халықаралық ғарыш станциясына қара нәсілді әйел ұшпақ

Жанетт Эппс.

NASA 49 жастағы афроамерикалық әйел Жаннет Эппсті Халықаралық ғарыш станциясына алты айлық экспедияға жібергелі отыр. Эппс ХҒС-қа Boeing компаниясының бірнеше мәрте қолдануға жарайтын Starliner-1 капсуласымен ұшпақ.

Ұшу 2021 жылға жоспарланған. Бұл Starliner капсуласының алғаш рет экипажбен ұшуы болмақ. NASA 2011 жылы ғарыш шаттлдарын ұшыруды тоқтатып, содан бері АҚШ ғарыш өнеркәсібі ғарышкерлерді ХҒС-қа жеткізудің түрлі жолдарын қарастырып келді.

Осы уақытқа дейін NASA америкалық ғарышкерлерді ХҒС-қа ресейлік ракеталар көмегімен ұшырып жүрді. Алайда мамыр айында Илон Масктің SpaceX компаниясы АҚШ-тың Ресейге тәуелдігін тоқтатты. SpaceX компаниясының Crew Dragon миссиясы америкалық ғарышкерлерді ХҒС-қа сәтті жеткізіп, екі айдан кейін Жерге аман-есен алып келді.

Эппс 2000 жылы аэроғарыш саласы бойынша докторлық жұмыс қорғаған. Эпс ХҒС-қа 2018 жылы ұшуы керек болған. Алайда ұшуға алты ай қалғанда NASA оның орнына Серена Ауньон-Канцлерді ұшыратын болып, Ресейде жаттығу жұмыстарын жасап жүрген Эппсті кері қайтарып алды. NASA мұның себебін түсіндірмеді.