Covid пен пневмония: Бір күнде 8 адам қайтыс болды

Науқастың рентген суретіне қарап тұрған медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.

6 қыркүйек күні Қазақстанда 139 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Пневмонияның бұл түрінен тағы 1 адам қайтыс болды. Бұған қоса, коронавирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған Covid науқастары арасында 7 адам көз жұмған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

1 тамыздан бері Қазақстанда коронавирус пневмониясынан 314 адам қайтыс болған. Осы аралықта 27 762 адамнан вирус пневмониясы анықталған. 6 мыңға жуығы жазылған.

Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны зертханалық талдаумен расталған 1634 адам көз жұмған. Вирус жұқтырғандар 106 мыңнан асқан.

24 тамыздағы дерек бойынша, коронавирус жұқтырып қайтыс болған 556 адамның өлімі Covid статистикасына кірмеген. Комиссия олар "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген қорытынды шығарған.

Қазір 5 073 адам Covid-тен емделіп жатыр, 30-ы - бала. 2 863 адам - стационарда, 2 210 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. 140 адамның жағдайы ауыр, 18 адамның жағдайы өте ауыр. 24 адам жасанды тыныс алу аппаратымен дем алып жатыр.

Қазақстан коронавирус індеті келгелі Covid статистикасын тек ПТР тестінің нәтижесін сүйеніп жүргізіп келеді. Маусым және шілде айларында белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония ауруы өршіп кетіп, жағдай қатты ушыққанда ғана елдің денсаулық сақтау министрі коронавирус пневмониясын Covid статистикасына қосатынын айтты. Бірақ министрлік мұны бірден жасамай, аурудың тарауы басыла бастаған тамыз айынан бастады және бастапқыда уәде етілгендей статистиканы біріктіріп емес, екі бөлек жариялауға көшті. Яғни қазір 13 наурыздан бері жүргізіліп келе жатқан Covid есебі мен 1 тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан коронавирус пневмониясының есебі бар.

Коронавирустың әлем елдері арасында тарауын картаға түсіріп отырған Джонс Хопкинс университеті Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, елде 106 мың адам Covid жұқтырған десе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Аурудың алдын-алу және бақылау жөніндегі Еуропа орталығы Covid пен коронавирус пневмониясы дерегін біріктіріп көрсетіп отыр. Яғни олардың мәліметінше, Қазақстанда коронавирус ауруына кемі 133 924 адам шалдыққан.