Марқұм Ағаділдің асына қатысқан тағы бір белсенді 7 тәулікке қамалды

Онлайн сотқа полиция көлігінен қатысып отырған белсенді Нұрлан Әбілдаев. Шымкент, 21 қыркүйек 2020 жыл.

21 қыркүйек күні Ақмола облысы Целиноград аудандық соты шымкенттік белсенді Нұржан Әбілдаевты 7 тәулікке қамады. Сот онлайн режимде өтті. Бұл туралы сотқа белсендімен бірге қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Белсенді сотқа үйінің жанына тоқтаған полиция қызметкерінің жеке көлігінде отырып қатысты. Сотқа төрағалық еткен судья өзін таныстырмады. Қандай айып тағылғанын да атамады. Іске тіркелген видеоны көргенін баяндады да Шымкент қаласы Қаратау аудандық полиция басқармасының учаске қызметкері Жандос Байжарқыннан Нұржан Әбілдаевтың үстінен не үшін хаттама толтырғанын сұрады. Байжарқын белсенді 24 шілде күні Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылында өткен марқұм Дулат Ағаділдің үйіне барып, рұқсат етілмеген шеруге қатысқан деп жауап берді. Судья Әбілдаевтан адвокат көмегін қажет ететіні-етпейтіні жайлы сұраған жоқ. Есесіне шеру жайлы сұрақтар қойды. Әбілдаев шеруге қатыспағанын, Дулат Ағаділдің үйінен зират басына дейін көлікпен жеткенін, зират басына барып құран оқығанын жеткізді. Бұдан соң судья айыпталушыға соңғы сөз бермей, кеңесу бөлмесіне кетті.

Шамамен 15 минуттан кейін судья қаулыны оқыды. Қаулыны тыңдау үшін жауапкер мен оның жанындағы екі полицей көліктен шығып, жол жиегінде тұрды. Судья Әбілдаевтың «бейбіт жиын өткізу тәртібін» бұзып, 24 шілде күні Талапкер ауылындағы Дулат Ағаділдің үйінен зиратқа дейін жалғасқан шеруге қатысқанын, сот отырысында тағылған айыпты мойындамағанын жеткізді. Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 488-бап 6-тармағымен кінәлі деп танып, 7 тәулікке қамауға қаулы етті.

Белсенді сот шешімімен келіспейтінін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда судья айғақ ретінде көрсеткен видеода өзі «Қазақстандықтар, ояныңдар!» деп айтқан, ал «бұл қылмыс емес» деді.

Қаулы шыққан соң полицейлер белсендіні жеке көлігіне мінгізіп, қамауға алып кетті. Белсендінің сот шешімін апелляцияға беретіні-бермейтіні белгісіз.

Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің асы алдында және асынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған белсенді "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп айыпталып, әкімшілік жауапқа тартылған еді. Олардың көбі – Қазақстанда саяси реформалар жүргізу, әділ сайлау өткізу, саяси тұтқындарды босатып, сөз бостандығын шектемеуді талап етіп, елді президенттік жүйеден парламенттік басқару жүйесіне көшіруді қолдап жүрген белсенділер.

Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін алдын ала билікті ескертуі тиіс, әкімдік ескертілмеген биліктің бәрін заңсыз деп танып, қатысушыларын жазалайды.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның "Бейбіт митинг туралы" заңын жиі сынайды.