Түркістан облысында наразылықтан соң белсенді Мұрат Байдәулетов үйқамаққа шығарылды

Көрнекі сурет.

24 қыркүйекке қараған түні Түркістан облысы Төле би аудандық соты Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша күдікті деп танылған белсенді Мұрат Байдәулетовті уақытша ұстау изоляторынан үйқамаққа шығарды. Азаттық тілшісі көрген сот қаулысында Төле би ауданының тұрғыны мүгедектігі бар Байдәулетовті тергеу амалдары жүріп жатқан кезде қамауда ұстауға қажеттілік жоқ екені жазылған.

Сот шешімін судья Жорабеков шығарған. Үйқамаққа шығару туралы өтінішті Байдәулетовтің өзі жазбаған. Азаттық тілшісі оның мемлекеттік қорғаушысымен де сөйлесе алмады.

Сот болғанға дейін жергілікті белсенділер Байдәулетовті босатуды талап етіп, екі күні бойы аудандық прокуратура мен полиция бөлімшесі алдында наразылық өткізген еді. Өткен түні сот шешімі шықпай тұрып Қазығұрт аудандық полиция бөлімшесінің алдында маңдайларына "Аштық" деп жазып алған тұрғындар аштық акциясын жариялаған. Белсенділер Байдәулетовті уақытша ұстау изоляторынан үйқамаққа жіберген соң ғана аштықты тоқтатқан.

54 жастағы Мұрат Байдаулетов "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен күдікке ілінген. Оны үйқамаққа шығару туралы сот қаулысында оның 2019 жылдың 6 маусымынан 2020 жылдың 17 тамызына дейін Түркістан облысы мен Ақмола облысы аумағында қасақана "Қазақстанның демократиялық таңдауы" саяси-қоғамдық қозғалысы мен "Көше партиясының" жұмысына сотпен тыйым салынғанын біле тұра қызметіне қатысқан" деген күдікке ілінгені жазылған. Алайда сот қаулысында 405-бабы ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") туралы айтылмаған. Онда Байдаулетовтің тағылған айыппен келіспейтіні жазылған.

Мұрат Байдәулетов бұған дейін Шымкентте өткен бірнеше наразылыққа қатысып, әкімшілік жауапқа тартылған.

Шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир, Ақорда сыншысы Мұхтар Әблязов үш апта бұрын жақтастарын 25 күні билікке қарсы митингіге шығуға шақырған еді. Осы митинг қарсаңында елдің түрлі аймағында ондаған белсенді ұсталып, қамалған, кейбіріне айыппұл салынған.

Оқи отырыңыз: "Тұншықтыруды ғана біледі". Жоспарланған митинг қарсаңында белсенділерге қысым күшейді

Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдау" қозғалысын билік сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент 2019 жылы қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.