Эр-Риядта Йеменнің жаңа үкіметі ант қабылдады

Сауд коалициясы тұтқыннан босатқан йемендіктер Сана әуежайында. 15 қазан 2020 жыл.

26 желтоқсан күні Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта Йемен үкіметінің жаңа үкіметі ант қабылдады. Осыдан бірнеше ай бұрын Сауд Арабиясының қолдауымен билікті бөлісу жөнінде келісім болған. Жаңа үкімет сол келісімнен кейін құрылып отыр.

Жаңа кабинет 24 адамнан тұрады. Оның бір бөлігі – Йемен президенті Абд Раббо Мансур Хади жақтастары да, басқа бөлігі – сепаратистік Оңтүстік өтпелі кеңес өкілдері. Инаугурация рәсімі Хади тұрып жатқан Эр-Рияд қаласында өтті.

Йеменде 2014 жылдан бері азаматтық соғыс жүріп жатыр. Бір жақта үкімет күштері мен Эр-Рияд басқаратын коалиция, екінші жақта ираншыл хути көтерілісшілері.

Хади жақтастары да, Оңтүстік өтпелі кеңес де – Сауд коалициясына кіреді. Бірақ Хадиді Эр-Рияд қолдаса, сепаратистік кеңесті Біріккен Араба Әмірліктері қолдайды. Билікті бөлісу туралы келісім Йеменнің оңтүстік және солтүстік аумағының өкілдері биліктен бірдей орын алады деген қағидаға негізделді.

Хади жақтастары мен өтпелі кеңес әуелде хутилерге қарсы бірге күрескен. Кейін арасына жік түсіп, Сауд коалициясының күштері қақ жарылды.

Шииттік хутилер Йеменнің астанасы Сананы және елдің солтүстігіндегі бірқатар өзге қаланы бақылауда ұстап отыр.